Сұрақ: Пір дегендер кімдер?

Жауап: Пір деген сөздің сөздіктегі мағынасы ақсақал, қарт кісі деген мағынаны білдіреді. Дінімізде тасаууф ілімінің ғұламаларына сол жолдың үлкені, ақсақалы, құрметтісі деген мағынада пір деп атаған.

Түсінікті болу үшін кеңірек мәлімет берейік. Халық арасында сопылық, суфизм деп аталып кеткен сала дінімізде тасаууф деп аталады. Тасаууф дініміздегі маңызды ілімдердің бірі. Тасаууф ғалымдары бұл ілімге өз дәрежесіне қарай көптеген анықтама берген. Солардан біршамасы мыналар: Тасаууф – көңілді (жүректі) тазалау, жаман мінездерден тазарту, жақсы мінездермен толтыру дегенді білдіреді. Тасаууф – көңілмен жасалуы керек нәрселерді және көңілмен сақтануы керек болған нәрселерді үйретеді, көңілді, рухты тазалау жолдарын үйретеді. Тасаууф – нәпістің иман келтіруі, мойын июі, бүкіл ғибадаттардың және бүкіл жақсы істердің шынайы және кемшіліксіз болуы...

Тасаууф жайлы хадис шәрифте былай делінеді:

«Аллаһу та’аланың көңіліме толтырған файздардың, нұрлардың барлығын Әбу Бәкірдің көңіліне құйдым.» (Мәктубат Масумийа)

Хазреті Әбу Хурайра былай дейді:

«Расулуллаһтан екі түрлі ілім үйрендім. Бұлардан бірін сендерге білдірдім. Екіншісін айтсам мені өлтіресіңдер.» (Бұхари)

«Хазреті Имам Ағзам ижтиһадта ең биік дәрежеге жеткенімен Хазреті Жафар Садыққа шәкірт болады. Кейін шәкірт болған екі жылын меңзеп былай дейді: “Өмірімнің соңғы екі жылы болмағанда Нуман құритын еді.”»

Хазреті Омар “радиаллаһу анһ” қайтыс болғанда баласы хазреті Абдуллаһ «Ілімнің оннан тоғызы өлді» дейді. Естіген адамдардың бұған таң қалғанын көргенде «Фиқһ ілімдерін емес Аллаһты тану ілімдерін айттым» деп бұйырды. (Бұхари)

Бұл ілімге ахлақ ілімі деп те айтылады. Тасаууф мектептеріне тариқат делінеді. Тасаууф тариқатына кіруден көзденілетін мақсатты Мұхаммед Маъсум Фаруқи хазрет "Мәктубат-и Масуми" кітабында былай түсіндірген:

"Тасаууф-сопылық жолына кірудің мақсаты өз нәпсінің жасырын дұшпандықтарын аңғару, шариғатқа бағынудың оңай болуы және жүректе ықыласқа қол жеткізу."  (1/182) Яғни  тасаууфтың мақсаты мұсылманды Аллаһу тааланың махаббатына қауыштырып, иманын жүрегіне сіңіру, еш өшпейтіндей етіп орналастыру болып табылады.

Бір мұсылманның тасаууф мектебіне кіруі үшін кейбір шарттар бар. Заманымызда намазын дұрыс оқи алмайтындардың, дәретінен бейхабар надандардың "пірге қол бердім" деп тариқаттарға кіріп жатқандарын жиі көретін болдық. Фиқһты білмей тұрып ғибадат жасау мүмкін емес. Хадис шәрифтерде былай делінген:

"Ғибадаттардың ең құндысы фиқһ үйрену және үйрету." [Ибн Әбдилбәрр]

"Әрбір нәрсенің сүйенген бір тірегі болады. Діннің негізгі тірегі фиқһ ілімі." [Байхаки]

"Фиқһ үйренбей жатып ғибадат еткен адам түн қараңғысында ғимарат көтеріп, күндіз оны құлатқанмен тең." [Дейләми]

Имам Малик (рахметуллаһи алейһ) бұл мәселеде былай дейді: "Фиқһты үйренбей жатып тасаууфпен айланысқан адам діннен шығып, зындық болады. Фиқһты үйреніп, тасаууфтан бейхабар қалғандар бидғатшы, адасқан ағымдарға түседі. Екеуін де меңгерген ақиқатқа қауышады" (Мәрәж-үл-бахрейн)

Сондықтан ескі дәуірлерде тариқаттарға кез-келген адамды қабылдай бермеген. Фиқһтан кемінде 100 мың мәселені білмегендерді мүлдем тариқаттарға жолатпаған.

Бұрынғы замандарда хақ тариқаттар көп еді. Ол жерлерде дініміздің әмірлерімен тыйымдары үйретіліп, оларды оңай орындаудың жолдары және тасаууф ілімі үйретілетін еді. Ғасырлар өтуімен бұлар өте азалды. Бәлкім мүлдем қалмады. Негізі қалмағаннан кейін жасандылары көбейді. Әр қалада бір тариқат, әр ауылда бір шейхтың, пірдің пайда болуы да содан.

Қазіргі таңда жасалатын іс - сол бұрынғы ұлы әулиелердің кітаптарынан шынайы ғалымдар тарапынан дұрыс аударылған кітаптарды оқып, жазылғандарға сәйкес өмір сүруге тырысу. Сондай дұрыс кітаптарды оқыған адамдар білмегендерін үйренумен қатар ол кітаптарда есімдері аталған әулиелерді танып, жүрегі оларға бейімделеді, байланады. Олардың бүкіл әлемге таратқан нұрларына қауышып, жетіле бастайды. Қарбызға күн сәулесінің астында уақыт өтуімен дәм кіріп, піскені секілді адам да ол кітаптарды оқу арқылы нұрға, файзға қауышып, кемел адам болып жетіледі. Нәпсі де ғафлеттен құтылып, намазының дәмін, ғибадаттарының ләззатын сезіне бастайды. Күнәлардан, харам істерден көңілі қалып, жаман мінездерді жек көре бастайды. Жақсы мінездерді бойына жинап, еліне, отбасына пайдалы болады. Мәңгі бақытқа қол жеткізіп, басқалардың да қол жеткізулеріне арашы болады.

Тасаууфты, яғни тариқатты үйренбестен бұрын ілім үйрену керек. Хадис шәрифте былай бұйырылған:

"Бір сағат ілім үйрену немесе үйрету, азанға дейін ғибадат етуден артық сауап." [Әбу Нуайм]

Нақшибәнди тариқатында жетілген үлкен ғалым Бәдреддин Сәрһәнди хазрет "Хадарат-ул-құдс" кітабында былай деген:

"Имам Раббани хазреттен "Бұхари", "Мишқат", "Хидая", "Шархи Мәуақиф" кітаптарын оқып ілім алдым. Ұстазымыз жастарды ілім үйренуге үгіттейтін еді: "Алдымен ілім, сосын барып зікір" дейтін еді. Менің ілім оқудан қашып, зікірге көбірек құштар екендігімді байқап: "Балам, кітап оқы, ілім үйрен, сауатсыз сопы шайтанның қолында масқара болады. “Рутбатул илми ъаләл рутаб”, яғни мәртебелердің ең биігі ілім мәртебесі" деген еді."

Бүгінгі тариқаттарда жоғарыдағы кітаптардан сабақ беру былай тұрсын, ол кітаптардың атын да естімегендері көп. Ақыр заманда өмір сүріп жатқанымыз үшін тариқатшылар арасына жеке басының рахатын ойлайтын жасанды пірлер, сопылар көптеп араласып кетті. Олардың істеп жатқан тірліктері хақ болған тариқаттардың атына кір келтіруде. Ондайлардың қылықтарын көріп хақ болған ескі дәуірлердегі тасаууф ұлыларына, пірлеріне, мүршидтерге, әулиелерге тіл тигізуден сақтану керек. Бүгін тариқаттарды жамандап жатқандардың басым көпшілігінің негізгі мақсаттары бүгінгі сопыларды емес, пайғамбарымыздың заманынан бері келе жатқан ғұламалар сілсиләсын, мүршидтер және әулиелер жолын жоққа шығару болып табылады. Ондай зындықтарға да алданбау керек. Зындық дегеніміз - өзін мұсылман қылып көрсететін кәпірлер.