Хазірет Юсуф пен бауыры Бунямин аналарынан айрылғаннан кейін әкелері хазіреті Яқуб (Жақып) оларға басқа ұлдарынан да көп көңіл бөле бастайды. Ағалары бұл халді көріп, қызғаныштан жарыла жаздайды.

Бір күні Юсуф ғажайып бір түс көреді. Түсінде он бір жұлдыз және Ай мен Күн оған сәжде етіп, бас иіп тұр екен. Оянған соң бұл түсті әкесіне айтып береді.

– Балам, мәртебең үстем болады екен. Мұндай шапағатқа Аллаһтың нұры түскен адамдар ғана ие болады, – деп жорып берген әкесі хазіреті Яқуб бұл түсін ешкімге айтып қоймауын өтінді. Алда бір қастандық жасалар деп қауіптенген еді. Әкенің балаға деген ықыласы одан сайын арта түседі. Қалған ұлдары әкесінің махаббатын қызғанып, әзәзілдің азғыруымен Юсуфті өлтіруді ойластырады. Хазірет Юсуфті қыдыруға алып шығу үшін әкелерінен рұқсат сұраған он аға, серуенге шығады. Бірақ бауырларын өлтіруге қимай, құдықтың түбіне тастап кетуді ұйғарады. Керуеншілер құдыққа аялдамай өтпейтінін білетін олар Юсуфті бір құдыққа тастайды да көйлегіне қан жағып, үйлеріне қайтады. Үйге жақындағанда өтірік жылай бастасады.

Яқуб пайғамбар мұны естіп, «не болды, Юсуф қайда?» деп сұрайды. Олар қанды көйлекті көрсетіп, «Жарысқан болатынбыз, Юсуф киімдерімізге қарап қалған болатын. Оны қасқыр жеп кетіпті» дейді. Хазірет Яқуб жылап, қанды көйлекті бетіне, көзіне сүртеді. Онда ешқандай жыртықтың жоқ екенін көріп, оны қасқыр жемегенін түсінеді.

Бұл арада жас Юсуф тасталған құдықтың қасына бір керуен келіп, қонақтайды. Олардың бірі құдыққа шелек тастайды. Хазірет Юсуф шелекте жабысып, сыртқа шығады. Керуендегілер оны Мысырға апарып, құл базарына шығарады. Жүзінен нұр төгіліп тұрғандықтан барлығы оны сатып алғысы келеді. Оны Мысыр билеушісі Реянның қазынашысы Азиз сатып алады.

Азиздің әйелі Зылиха жас болатын. Хазірет Юсуфтың көркемдігіне, жүзіндегі пайғамбарлық нұрға барлық адам таң қалатын. Бұл жағдай Зылиханың оған ғашық болуына себеп болды. Зылиха бір күні хазірет Юсуфті қасына шақырады. Қанша сәнденсе де хазіреті Юсуф оған көңіл аудармайды. Ғашықтықтан нәпсісін тыя алмаған Зылиха Юсуфтің көйлегінің артынан ұстап, тартып қалғанда киім жыртылады. Осы сәтте қазынашы Азиз болған оқиғаның үстінен келіп қалады. Зылиха «мені масқаралап, зинаға шақырды, зорлық қылды» деп Юсуфті кінәлап, оны зынданға тастатуға бұйырады. Азиз қазыларға барғанда көйлек алдынан жыртылса Юсуф, артынан жыртылса Зылиха кінәлі екенін айтады. Зылиханың кінәлі екенін біле тұра қазынашы ел аузына тарап кетуден қорқып, Юсуфті зынданға тастайды.

Өсек түбі тарамай қоймайды. Бір күні Зылиха бір топ әйелдерді қонаққа шақырып, жеміс туратып қояды. Және осы сәтте Юсуфті зынданнан алдырып, олардың алдарынан жүріп өтуді бұйырады. Хазірет Юсуф өтіп бара жатқанда, аһ ұрып, сұлулығына қайран қалған әйелдер жеміспен қоса саусақтарын да турап тастағандарын сезбей қалады. Зылиха өсекші әйелдерге шындықтың бетін ашып береді. «Расында да, оны мен азғырдым. Сұлулығына телміріп, нәпсімді тыя алмадым» деп мойындайды.

Кейіннен Аллаһтың әмірімен Юсуф зынданнан шығады. Сыртқы сұлуығымен ғана емес, екі есе ішкі сұлулығымен ерекшеленетін Юсуф пайғамбарымыз туралы қасиетті Құран Кәрімнің 12-ші «Юсуф» сүресінде айтылады. «Юсуф-Зылиха» жырында да бұл оқиға толық баяндалады.