Сұрақ: Әйелдердің қалай орану керектігі дінімізде ашық білдірілсе де неліктен әлі күнге дейін бұл жөнінде талас-тартыстар болуда? Жабынуды жоққа шығарып, мойындамайтын адам діннен шыққан болмай ма?

Жауап: Дінімізде әйелдердің орануы, яғни бетімен қолынан басқа барлық мүшесін жабу керектігі анық, ашық түрде білдірілген. Әйелдердің орануына байланысты түскен аяттарды пайғамбарымыз ашықтап түсіндірген, ғалымдар да оны бізге жеткізген. Бұл тақырыптағы талас-тартыстар әдейілеп жаман пиғылмен жасалуда.

Құран кәрімде жалпы барлық нәрсе қысқаша түрде білдірілген. Оларды пайғамбарымыз кеңінен ашып түсіндірген және содан бері оның үкімдері жүре бастаған.

Құран кәрімнің “Исра” сүресінің 23-ші аятында: «Байқа, ата-анаңа “уф” деме! » делінген. Егер бір кісі ата-анасына “уф” демесе, бірақ таяқпен соққыласа, «Мен “уф” демедім, Құранның әміріне мойынсұндым» десе, ол кісі Құранның әміріне бағынған есебінде бола ма?.. Хазреті Байдауидің тәфсирінде бұл аяттың мағынасы: «Ата-аналарыңды ренжітпеңдер, тіпті оларға “уф” деп те айтпаңдар!» деп түсіндіріледі.

Сондықтан Құрандағы бір аяттың үкімін үйрену үшін Құранның аудармасына қарау үлкен қателік болып табылады. Әркім өз бетімен Құраннан үкім шығара алғандарында, хадис шәрифтердің керегі қалмас еді.

Мәселен ұрлық жасау қылмыс болып табылады. Сот төрешілігі ұрлықшының жазасын заңдарға жүгінбей, тек қана Конституция бойынша бере алмайды. Себебі ұрлықшыға берілетін жаза Конституцияда анық көрсетілмеген. Көптеген үкімдер конституцияның тармақтары болған заңдармен анықталады.

Сол секілді кез келген адам дініміздің үкімдерін тікелей Құран кәрімнен түсіне алмайды. Өйткені Құран кәрімді пайғамбарымыз хадис шәрифтерімен ашықтаған, түсіндірген. Ал хадистерді түсінудің өзі де үлкен ғылымды талап етеді. Яғни бұларды да ислам ғұламалары ашып түсіндірген. Сондықтан ешкімге де тікелей Құран кәрімнің аудармасын оқуға кеңес бермейміз. Бір оқырманымыз: «Құран кәрімнің аудармасын оқимын деп, таза дінсіз болдым» деп өкінішімен бөліскен еді.

Медициналық кітаптан оқып, дәрі жасау немесе науқасқа диагноз қою қате нәрсе. Ал Құран кәрімнің аудармасынан үкім шығару одан да үлкен қателік. Себебі қате дәріні қолданған адамның өлуі мүмкін. Алайда қате үкім шығарған адам болса, иманынан айырылып, мәңгі азапқа душар болуы мүмкін. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Құран кәрімді өзінің көзқарасымен, өз ойымен ашықтаған адам, дұрыс тапса да сөзсіз қателеседі.» (Нәсаи)

«Құран-кәрімді өзінің ойымен тәфсирлеген адам кәпір болады» (Мәктубат Раббани)

Құран кәрімде былай делінеді:

«Мұсылман әйелдерге айт (Бөтен еркектерге қараудан) сақтансын, ар-намыстарын қорғасын, (қол, жүз сияқты) көрінетін бөлігінен басқа әшекейлерін (шаш және көкірек секілді әшекей тағатын жерлерін) көрсетпесін, орамалдарын жағасына дейін (шаш, құлақ және мойындарын) жапсын!» (Нұр 31)

Бұл аяттан әйелдердің орамалды тек қана жағасына жабатыны, басы мен денесінің қалған бөлігін жабудың қажет еместігі түсінілуі мүмкін. Көзді неден сақтау керек? Ар-намысты қалай қорғау керек? Әшекейге нелер жатады? Қына, сүрме секілді бояулар ма әлде алтын, күміс секілді сәндік бұйымдар ма? Осыған ұқсаған тұстары анық емес, ал бұл тұстары хадис шәрифтермен түсіндірілген. “Аһзаб” сүресінің 59 аятында: «Ей Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және мұсылмандардың әйелдеріне (сыртқа шығарда) үстеріне бүркеншіктерін (сырт киімдерін) киюлерін айт! Бұл олардың танылып, қиналмауы үшін өте қолайлы.» 

Осы аударманы оқып «Әйел сырт киімді танылып қиналмауы үшін киеді екен. Егер танылып еш қиындық көрмесе, киімсіз де жүруіне болады екен» дегендер де шықты. Сондықтан бұл аяттардан өз түсінгенімізге емес, Расулуллаһ алейһиссаламның түсіндірмелеріне қарау керек. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Әйелдің (жүзі мен екі қолынан басқа) барлық жерлері әурет болып саналады» (Мәжмаул-әнһүр және Әл-муғни)

Бұл хадисте әйелдің орануы, яғни жүзімен екі қолынан басқа мүшелері жабық жүруі керектігі анық білдірілген. Құран кәрімнің он жеті жерінде пайғамбарымызға: «Оларға “Маған мойынсұныңдар” деп айт» делінген. Аллаһу та’аланың пайғамбарына мойынсұнып, оның білдіргені бойынша орану керек!

Хазреті Эсма жұқа киіммен келгенінде расулуллаһ оған (балдызына) қарамады. Қасиетті жүзін бұрып: «Ей Эсма! Бір қыз намаз оқитын жасқа келгенінде, жүзі мен екі қолынан басқа жерлерін еркектерге көрсетуіне болмайды.» деп бұйырды. (Әбу Дауд)

Хазреті Айша анамыз: «Алғашқы хижрат еткен әйелдерге Аллаһтың рахметі (мейірімі) жаусын! Жабыну аяты келісімен маталарын жыртып, бастарын жапты» деген. (Бұхари, Нәсаи)

Әйел – әурет саналады, орануы, екі қолымен жүзінен басқа барлық жерін жабынуы парыз болып табылады. Аяти кәриманы өз көзқарасы бойынша тәфсирлеп, бұл парызға қарсы шығу күпірлік болады.

Әйел көшеге оранбай, ашық шығатын болса, кәпір болмайды. Күнәһар болады. Бірақ жабынудың керегі жоқ деп айтатын болса, яғни орану керектігіне сенбесе кәпір болады. Күнә және күпір екеуі екі түрлі нәрсе.