Бір күні Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) Расулуллаһтың (алейһиссалам) үйіне келеді. Ішке кірмекші болғанында Әли бин Әбу Талиб (радиаллаһу анһ) та келеді. Хазіреті Әбу Бәкір артқа шегініп «Йа Әли! Сен кір» – деді. Ол да жауап беріп, араларында ұзақ әңгіме өтеді:

Әли – Йа Әбу Бәкір! Сен кір, өйткені әр жақсылықта, әр қайырлы істе алда болған, бәрінен де озған сенсің.

Әбу Бәкір – Сен кір Йа Әли, Расулуллаһқа сен жақынырақсың.

Әли – Мен, сенің алдыңнан өте алмаймын. Өйткені, Расулуллаһтан, «Үмметімде Әбу Бәкірден жоғары ешкімге күн тумады» дегенін естідім.

Әбу Бәкір – Мен, сенің алдыңнан қалай өтемін? Расулуллаһ қызы Фатима-туззәһраны (радиаллаһу анһа) саған бергенінде, «Әйелдердің ең жақсысын еркектердің ең жақсысына бердім» деген еді ғой.

Әли – Мен сенің алдыңнан өтпеймін. Өйткені, Расулуллаһ «Ибраһим алейһиссаламды көргісі келгендер Әбу Бәкірдің жүзіне қарасын» деп айтқан.

Әбу Бәкір – Мен сенің алдыңнан өте алмаймын, өйткені Расулуллаһ айтқан: «Адам алейһиссаламның һилм (жұмсақ мінезділік, ашуланбау, сабыр) сипатын және Юсуф алейһиссаламның әдемі мінезін көргісі келгендер Әли Муртазаға қарасын!»

Әли – Сенен бұрын кірмеймін. Өйткені, Расулуллаһ «Йа Раббым! Мені ең қатты жақсы көретін және асхабымның ең ұлысы кім?» деп сұрағанда, Хақ та’ала «Йа Мұхаммед (алейһиссалам) ол Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ)» деп жауап берген.

Әбу Бәкір – Мен сенің алдыңнан өте алмаймын. Өйткені, Расулымыз «Ілімді бір кісіге беремін, Аллаһу та’ала оны жақсы көреді, мен де оны қатты жақсы көремін» деген. Осы ілім қаласының есігі сен болдың.

Әли – Сенің алдыңда жүре алмаймын. Өйткені, пайғамбарымыз «Жәннаттың есіктерінде Әбу Бәкір Хабибуллаһ деп жазылған» деген.

Әбу Бәкір – Сенің алдыңнан өте алмаймын. Өйткені, пайғамбарымыз Хайбар соғысында байрақты саған беріп, «Бұл байрақ, мәлики ғалибтың Әли бин Әбу Талибқа берген сыйлығы» деп айтқан.

Әли – Сенің алдыңнан қалай өтемін? Өйткені, пайғамбарымыз «Йа Әбу Бәкір!  Сен менің көретін көзім мен білетін көңілімнің орнындасың» деген.

Әбу Бәкір – Сенің алдыңнан өтпеймін. Өйткені, Расулымыз айтқан «Қиямет күні Әли Жәннат жануарларының біріне мініп келеді. Сонда Хақ та’ала: «Йа Мұхаммед (алейһиссалам)! Сенің әкең Ибраһим Халил (алейһиссалам) – қандай тамаша әке! Сенің бауырың Әли бин Әбу Талиб қандай тамаша бауыр!»

Әли – Сенің алдыңнан өте алмаймын. Өйткені, Расул айтқан: «Қиямет күні Жәннат періштелерінің басшысы болған Ридуан есімді періште Жәннатқа кіреді. Жәннаттың кілтін алып келеді. Маған береді. Кейін, Жәбрейіл алейһиссалам келіп, Йа Мұхаммед, Жәннаттың және Жаһаннамның кілттерін Әбу Бәкір Сыддыққа бер. Әбу Бәкір қалағанын Жәннатқа, қалағанын тозаққа жіберсін дейді».

Әбу Бәкір – Сенен бұрын кірмеймін. Өйткені, Расулуллаһ айтқан: «Әли қиямет күні менің жанымда. Кәусардың қасында менімен бірге. Сыраттың үстінде менімен бірге. Жәннатта менімен бірге. Аллаһу та’аланы көретін кезде де менімен бірге.»

Әли – Сенен бұрын кіре алмаймын. Өйткені, Расул «Әбу Бәкірдың иманын бүкіл мүминдердің имандарының қосындысымен салыстырса, Әбу Бәкірдың иманы ауыр басады.» деп айтқан.

Әбу Бәкір – Сенің алдыңнан қалай өтемін? Өйткені, Расулымыз  «Мен ілім қаласымын. Әли – бұл қаланың есігі» деген.

Әли – Сенің алдыңда қалай жүремін? Өйткені, Расулуллаһ «Мен садықтықтың (шыншылдықтың, туралықтың, адалдықтың) қаласымын. Әбу Бәкір – оның есігі»- деген.

Әбу Бәкір – Сенің алдыңнан өте алмаймын. Өйткені, Расулуллаһ айтқан: «Қиямет күні Әли әдемі атқа мінгізіледі. Көргендер «бұл қай пайғамбар?» деп сұрайды. Аллаһу та’ала «бұл Әли бин Әбу Талиб» деп жауап береді»

Әли – Сенің алдыңда жүрмеймін. Өйткені, пайғамбарымыз «Мен және Әбу Бәкір бір топырақтанбыз. Қайтадан бір боламыз.» деп айтқан.

Әбу Бәкір – Сенің алдыңнан өтпеймін. Өйткені, Расулымыз айтқан: «Аллаһу та’ала: Ей Жәннат, сенің төрт бұрышыңды төрт адаммен безендіремін. Бірі, пайғамбарлардың ең ұлысы Мұхаммед (алейһиссалам). Бірі, Аллаһтан қорқатындардың ең ұлысы Әли. Үшіншісі, әйелдердің ең ұлысы Фатима-туззәхра. Ал төртінші бұрышында тазалардың ең ұлылары Хасан мен Хусейн»

Әли – Сенің алдыңда қалай жүремін? Өйткені, Расулуллаһ: «Сегіз жәннаттан мынадай дауыс шығады: Ей Әбу Бәкір, жақсы көргендеріңмен бірге кел, бәрің бірге Жәннатқа кіріңдер!» деген.

Әбу Бәкір – Сенен бұрын өтпеймін. Өйткені, Расулуллаһ «Мен бір ағашқа ұқсаймын. Фатима – бұл ағаштың діңі. Әли – бұтағы. Хасан мен Хусейн – жемістері.» деп айтқан.

Әли – Сенің алдыңнан өтпеймін. Өйткені, Расулуллаһ айтқан: «Аллаһу та’ала Әбу Бәкірдің бүкіл кемшіліктерін кешірсін. Өйткені ол қызы Айшаны маған берді. Хижретте маған жәрдемші болды. Билал Хабешиді мен үшін алып азат етті.»

Расулуллаһ (алейһиссалам) бұл екі сүйікті досының есік алдында осылай сөйлескендерін іштен тындап тұрған еді. Хазіреті Әлидің сөзін бөліп іштен сөйледі:

«Ей бауырларым Әбу Бәкір және Әли (радиаллаһу анһума)! Ішке кіріңдер! Жәбрейіл алейһиссалам келіп: «Жердегі және жеті қабат аспандағы періштелер сендерді тыңдауда. Қияметке дейін бір-біріңді мақтасаңдар да, Аллаһу та’аланың алдындағы құрметтеріңді жеткізе алмайсыңдар!» – деді. Екеуі қол ұстасып, бірге Расулуллаһтың алдына кірді. Расулуллаһ: «Аллаһу та’ала екеуіңе де жүз мыңдаған рахмет жаудырсын! Екеуіңді жақсы көргендерге де жүз мыңдаған рахмет жаудырсын және дұшпандарыңа да жүз мыңдаған лағнет болсын.» деді. Хазіреті Әбу Бәкір Сыддық: «Йа Расулуллаһ! Мен Әли бауырымның дұшпандарына шапағат етпеймін» деді. Хазіреті Әли де: «Йа Расулуллаһ! Мен де Әбу Бәкір бауырымның дұшпандарына шапағат етпеймін және басын қылышпен шабамын.» деді. Әбу Бәкір: «Мен сенің дұшпандарыңды сырат көпірінен  өткізбеймін» деді.