Сұрақ: Намаз оқу ғибадат, яғни сауап болғанына қарағанда, бұл сауапты күнде істеудің орнына бос уақытымда немесе зейнетке шыққанда істесем не зияны болады? Оразаны да жыл сайын белгілі бір айда емес, зейнетке шыққанда барлығын бірден ұстасам не болады? Нәтижеде бұлардың есебін өзім беретін болғандықтан, сауап амалды істеуді кешіктіруім немесе мүлдем істемеуім неге күнә болады?

Жауап: Намаз оқымайтын көп адам намаз оқуды тек сауап қана деп ойлайды. Намаз оқымау ең үлкен күнәлардың бірі. Ішімдік ішуден де үлкен күнә. Хақ болған төрт мазһаптың үшеуінде намазды біле тұра әдейі тастаған адамның жазасы - өлім болып табылады. Бұл жаза намаздың маңызын көрсетуде.

Намаз бен оразалардың қазасын зейнетке шыққанда өтесе де, кешіктіргені үшін харам істеген болады. Сонымен қатар бір ғибадатты уақытында орындау мен қазасын өтеудің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Бір хадис шәрифте былай делінген:

«Рамазанда бір күн ораза ұстамаған, оның орнынан бір жыл ораза ұстаса, Рамазандағы сол бір күннің сауабына қауыша алмайды.» (Тирмизи)

Намаз да ораза сияқты уақыты белгіленген ғибадат. Уақытында орындау керек. Бір уақыт намазды қазаға қалдыру үлкен күнә болады. Қазасы өтелсе де күнәсі кешірілмейді. Күнәсі кешірілуі үшін бұдан бөлек тәубе де ету керек.

Зейнетке шыққанда қазасын өтей алған адам тек азаптан құтылады. Бірақ, намаз бен оразадан пайда болатын үлкен сауаптарға қауыша алмайды. Құрбан шалмай қазасын орындаған, яғни құнын кейін берген адам, тек азаптан ғана құтылады, құрбан шалу сауабына қауыша алмайды.

Намазды қазаға қалдыру үлкен күнә болғаны сияқты, қазасын кешіктіру де үлкен күнә болып табылады. Бұл үлкен күнә әрбір қаза орындайтындай уақыт өткен сайын екі есе көбейеді. Қазаны кешіктіргені үшін де тәубе ету парыз болады.

«Есебін өзім беремін» деп айту да үлкен қателік. Мүлдем намаз оқымайтын, тіпті иман келтірмеген адам да «Есебін өзім беремін» деп айта алады. Ішімдік ішетін адам да дәл солай айта алады, осы сияқты басқа күнәні істейтіндер де, ораза ұстамайтындар да дәл осылай айта алады. Нәтижеде зияны өзіне болады. Аллаһу та’аланың әмірлерін уақытында орындау және тиым салғандарынан әрқашан қашу керек.

Намазды тастап қайта бастау

Сұрақ: Ел ішінде «Намазды бастап тастау, сосын қайта бастап қайта тастау намазды мүлдем оқымағаннан да үлкен күнә. Тастағаннан кейін қайта бастау күнә болады.» деп айтылып жатады. Тастап кетуім мүмкін деген күмәні болған адамның намазды мүлдем бастамағаны жақсы ма?

Жауап: Жоқ, бастамауы жаман болады. Тағы да күнә істеймін деп тәубе етпеуден де жаман болады. Бұл, бәрібір кірленеді ғой деп ыдысты жумауға ұқсайды.

«Тастағаннан кейін қайта бастау күнә болады» деген сөз өте қате сөз. Тастағаннан кейін қайта бастау парыз, үлкен сауап. Күнә болғаны намазды бастау емес, намазды біле тұра тастап кету. Намаз оқымау қалған амалдарға кері әсерін тигізеді. Бір хадис шәрифте былай делінеді:

«Әдейі (себепсіз) намаз оқымағанның қалған амалдарын Аллаһу та’ала қабыл етпейді. Тәубе еткенге дейін Аллаһтың панасынан ұзақ болады.» (Исфахани)

Имам Раббани хазреттері де былай дейді:

Қияметте бірінші намаздан сұрау болады. Намаз дұрыс болса қалғандарының есебі Аллаһу та’аланың жәрдемімен оңай болады. (2/67)