Аллаһу та’ала жұма күнiн мұсылмандарға тән қылған. Жұма күнi түс уақытында жұма намазын оқу Аллаһу та’аланың бұйрығы. Аллаһу та’ала жұма сүресiнiң соңғы аятында: «Ей, иман келтіру абыройына ие болған құлдарым! Жұма күнi намаз үшiн азан айтылған кезде хутба тыңдау және жұма намазын оқу үшін мешіттерге асығыңдар. Сауда-саттықты тоқтатыңдар. Жұма намазы және хутба сізге басқа жұмыстарыңыздан да пайдалы. Жұма намазын оқып болғаннан соң, дүние жұмыстарыңыз үшін таралуыңызға болады. Аллаһтан ризық, несiбе күтіп еңбек етіңдер. Сондай-ақ құтылу үшін Аллаһты көп зiкiр етiңдер.» -деп бұйырған.

Намаздан кейiн қалағандар жұмысына, қалағандар мешiтте қалып дұға етумен шұғылдана алады. Жұма намазының уақыты кiргенде сауда-саттықпен айналысу күнә болады.

Хазреті Пайғамбарымыз көптеген хадистерінде: «Мұсылман адам жұма күнi ғұсыл алып, жұма намазына барса, бiр апталық күнәлары кешiрiлiп және әрбiр басқан қадамы үшiн сауап беріледі»«Жұма намазын оқымаған кiсiлердiң жүректерiн Аллаһу та’ала мөрлеп тастайды». «Күндердiң ең абзалы жұма күнi. Жұма күнi - айт күндерi мен ашура күнiнен де абзал. Жұма осы дүниеде және жәннатта мұсылмандардың мейрамы». «Егерде бiр кiсi жұма намазына ешбір кедергісіз үш рет бармайтын болса, Аллаһу та’ала оның жүрегiн мөрлеп қояды. Яғни жақсылық жасай алмайтын болып қалады»«Жұма күнi бiр уақыт бар, сол уақытта жасалынған дұға қайтарылмайды». «Жұма намаздан кейiн жетi рет Ихлас, Нас, Фәлақ сүрелерiн оқыған кiсiнi Аллаһу та’ала бір апта қазадан, бәледен және жаман нәрселерден қорғайды». «Сенбi күнi яһудилерге, жексенбi күнi христиандарға берiлген, ал жұма күнi мұсылмандарға берiлген. Бұл күнде мұсылмандарға берекет пен жақсылық бар».

Жұма күнгi ғибадаттардың сауабы басқа күнде орындалған ғибадаттардың сауабынан екi есе көп. Жұма күні iстелген күнәлар да екi есе болып жазылады.

Жұма күнi рухтар жиналады және бір-бірімен танысады. Қабiрлер зиярат етiледi. Бұл күнi қабiр азабы тоқтатылады. Кейбiр ғалымдардың айтуы бойынша бұл күні мүминдердің азабы мүлдем тоқтатылады. Кәпiрлердiң азабы тек жұма күнi мен рамазан айында ғана тоқтатылып, басқа уақыттарда азап қиямет күнiне дейiн жалғасады. Жұма күнi және түнінде дүниеден өткен мүминдер қабiр азабына ұшырамайды. Жұма күнi тозақтың оты қатты ыстық болмайды. Адам алейһиссалам жұма күнi жаратылды. Жұма күнi жәннаттан шығарылды. Жәннаттағылар Аллаһу та’аланы жұма күндерінде көредi.

Жұма намазының парыздары

Жұма күнi он алты рәкат намаз оқылады. Бұлардың iшiнде 2 рәкаты парыз. Жұма бесiн намазынан да қуатты парыз. Жұма намазы парыз болуы үшiн мына екi шарт қажет:

1) Ада шарттары (өтелетiн шарттар).

2) Вужуб шарттары (керек болған шарттар).

Ада шарттарының бiрi кем болып немесе орындалмаса, намаз қабыл болмайды. Ал вужуб шарттары жоқ болса, намаздың қабыл болуына кедергi болмайды.

Ада, яғни жұма намазының сахих болуы үшiн 7 шарт бар:

1) Намазды қалада оқу.

2)Үкімет басшысының немесе әкiмнiң рұқсатымен оқу. Бұлар тағайындаған имам-хатип өз орнына басқасын өкіл ете алады.

3) Жұманы бесiн намазының уақытында оқу.

4) Уақыттың ішінде хутба оқу. (Ғалымдар жұма хутбасын оқу, намазға тұрарда  Аллаһу әкбар деп айтумен бiрдей деген.)

Екi хутбаны да тек арапша оқу керек. Имам iшiнен аъузуды айтып, кейiн дауыстап хамд уә сәна және кәлимаи шаһадат салауат оқиды. Кейiннен сауапқа, азапқа себеп болатын нәрселердi ескертеді және ҚұранКәрiм оқиды. Кейін отырып тұрады. Бұл отыруда еш қандай артық әрекет жасалмайды. Тіпті дұға үшін қол да жайылмайды. Екiншi хутба оқып, уағызда мұсылмандарға дұға етедi. Хутбада төрт халифаның атын атап өту мустаһаб. Хутбада дүние iстерiне байланысты сөздер, хабарландырулар айту харам. Хутбаны қысқа оқу сүннет, ұзын оқу мәкрух болады.

5) Хутбаны намаздан бұрын оқу.

6) Жұма намазын жамағатпен оқу.

7) Мешiт есiктері баршаға ашық болу керек.

Жұма намазының вужуб шарттары тоғыз. Олар:

1) Жергiлiктi (муқим) тұрғын болу керек. Жолаушы (сафари) кiсiге бұл намаз парыз емес.

2) Денi сау болуы керек. Ауру кiсiге, өте қарт кiсiлерге және ауру қараушысына (егер тастап кете алмайтын болса) бұл намаз парыз емес.

3) Еркiн болу.

4) Еркек болу, әйелдерге бұл намаз парыз емес.

5) Ақылды әрi балиғатқа толған болу керек.

6) Көзi көретiн болуы керек.

7) Жүре алуы керек. Көлігі не жәрдемшісі болса да паралич кiсiге, шолақ кiсiге бұл намаз парыз емес.

8) Қамауда болмау керек. Дұшпанның, залымның және үкіметтің қауіпі болмау керек.

9) Өте қатты жаңбыр, қар, дауыл, суық, батпақ болмау керек.

Жұма намазы қалай оқылады?

Жұма күнi бесін азаны айтылумен он алты рәкат жұма намазы оқылады. Оқу тәртiбi төмендегiдей:

1 - Ең бiрiншi жұма намазының төрт рәкаттық алғашқы сүннетіоқылады. Бұл намаз бесiн намазының алғашқы сүннетi сияқты оқылады. Бұл намазға: «Аллаһу та’ала разылығы үшiн жұма намазының алғашқы сүннетiн оқуға ниет еттiм, жүзiмдi қыблаға қараттым»– деп ниет етiледi.

2 - Кейiн мешiт iшiнде екiншi азан және хутба оқылады.

3 - Хутба оқылғаннан кейiн қамат айтылып жамағатпен бiрге жұма намазының екi рәкат парызы оқылады.

4 - Жұма намазының екi рәкат парызы оқылғаннан кейiн төрт рәкатсоңғы сүннеті оқылады. Бұның оқылуы да бесiн намазының алғашқы сүннетi сияқты.

5 - Бұдан кейiн: «Мойныма парыз болып, өз уақытысында өтей алмаған соңғы бесiннің парызын оқуға» деп ниет етiлiп Ахир зухур (соңғы бесін) намазы оқылады. Бұған халық арасында ихтяты бесін деп те айтылады.

6 - Кейiннен екi рәкат уақыт сүннетi оқылады. Оқылуы таң намазының сүннетi сияқты.

7 - Бұдан кейiн аятул курси және 33 тасбихтардың үшеуі айтылып дұға етiледi.

Жұма күнiнің сүннеттері мен әдептерi

1) Жұма намазына бейсенбi күннен дайындалу.

2) Жұма күнi ғұсыл алу.

3) Шашын алдыру, сақалы бiр тұтамнан ұзын болса қысқарту, тырнақтарын алып жаңа, таза киiмдер кию.

4) Жұма намазына мүмкiндiгiнше ерте бару.

5) Мешiтте алдыңғы қатарға өту үшін жамағаттың иығынан аттамау.

6) Мешiтте намаз оқып жатқан кiсiнiң алдынан өтпеу.

7) Имам мiнберге шыққаннан кейiн сөйлемей хутбаны тыңдау. Сөйлегенге белгі беріп те жауап бермеу, екінші азанды қайталамау және хутба кезінде қол ашып дұға етпеу.

8) Жұма намазынан кейiн фатиха, кафирун, ихлас, фалақ және нас сүрелерiн жетi рет оқу.

9) Екінді намазына дейiн мешiтте қалып ғибадат ету.

10) Әһли сүннет ғалымдарының дәрісіне немесе солардың кiтаптарын оқып отырғандарға қатысып, тыңдау.

11) Жұма күнiн толық ғибадатпен өткiзу.

12) Жұма күнi көп салауат айту.

13) Құран Кәрiм оқу (Кәһф сүресiн оқу).

14) Садақа беру.

15) Әке-шешенi немесе қабiрлерiн зиярат ету.

16) Үйдегi асты ерекше әрi тәттi қылып даярлау.

17) Көп намаз оқу. Қаза намазы болғандар намаздарының қазасын оқу керек.

Мойындарына парыз болмаса да әйелдердің Жұма немесе Айт намазы үшін мешіттерге барып, ер адамдардың кірулеріне, ғибадаттарына кедергі болулары күнә болады.